«Ақбастау ЖОББМ» КММ
Түркістан облысының білім басқармасының Қазығұрт ауданының білім бөлімінің
1948 жылы ауылда білімнің алғашқы шамын жаққан «Ленин жолы» бастауыш мектебі өз жұмысын бастады. Сол кезеңнен бастап мектеп ауыл балаларының сауатын ашып, ел болашағын тәрбиелеген қасиетті білім ордасына айналды. Мектептің қалыптасып, дамуына әр жылдары еңбек еткен ұстаздар мен басшылардың үлесі зор.
1948-1954 жылдары мектепке Даулетбаев Жаңбырбай жетекшілік етсе, 1954-1956 жылдары Сүлеймен ағай, 1956-1958 жылдары Сауытов Байболат білім беру ісін жалғастырды. Кейінгі жылдары Жумашева Опагүл мен Даулетбаева Салиха ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиесіне өз үлестерін қосты. Ал 1968 жылдан 2005 жылға дейін Сауытов Әбдуәлі бастауыш сынып мұғалімі ретінде ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, бірнеше буын шәкіртке білім мен тәрбие берді.
1988 жылы колхоз қаражаты есебінен жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталғанымен, түрлі себептерге байланысты аяқталмай қалады. Соған қарамастан, ауыл тұрғындарының білімге деген құлшынысы мен ынтымағының арқасында 1990 жылы ескі мектеп ғимаратында «Ақбастау» жалпы білім беретін орта мектебі ашылып, оның алғашқы директоры болып Лесбеков Сейтхан қызмет атқарды.
1992 жылдан бастап мектеп тізгінін Құтымбет Амантай ұстап, білім ордасының дамуына еңбек сіңірді. 2000 жылы ауыл әкімі Қалдияров Жанай мен аудан әкімі Бектаев Әлидің ұйымдастыруымен, ауыл азаматтарының бірлігі мен асар дәстүрінің арқасында мектеп құрылысы толық аяқталды. Бұл ауыл халқының ауызбіршілігі мен ел болашағына деген жанашырлығының айқын көрінісі болды.
2004-2018 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін Төребеков Ғалымжан атқарып, білім сапасын көтеру мен мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді. 2013 жылы мектептің негізгі ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, шатыры мен қазандығы жаңартылды. Сонымен қатар, акт залы мен спорт залынан өзге барлық ішкі жөндеу жұмыстары толық жүргізілді.
2018-2024 жылдары мектеп директоры болып Сүйеубеков Еркінбек қызмет атқарып, оқу-тәрбие жұмыстарының жүйелі дамуына үлес қосты. Қазіргі таңда білім ордасына Жансейтова Жанар жетекшілік етіп, мектептің өсіп-өркендеу жолындағы игі істерін жалғастыруда.
Осылайша, «Ақбастау» мектебі – бірнеше ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген, тарихы терең, тағылымы мол қасиетті қара шаңырақ болып қала береді.
Қазығұрт ауданының білім бөлімінің
